Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.
Қазақстандық блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының (ҚБТҚ) төрағасы Дәурен Қарашев «Заңгер» құқықтық басылымында Қазақстандағы криптоиндустрияны дамыту перспективалары мен проблемалары туралы пікірін білдірді.
Сарапшы орталықсыздандыру, транзакциялардағы делдалдық буындардың барынша аз болуы және анонимділік сияқты ерекшеліктер есебінен әлемдік экономикада цифрлық криптоактивтердің артып келе жатқан ықпалын атап өтті. Оның бағалауынша, экономикасы озық елдердің көпшілігі (АҚШ, Жапония, Еуропалық Одақ, Сингапур, Украина, Грузия және т.б.) криптовалюталарды және тұтастай алғанда, орталықсыздандырылған қаржыны өздерінің қаржы жүйесіне бейімдеумен белсенді айналысып жатыр, себебі басталып жатқан цифрлық дәуір блокчейнмен тығыз байланысты болатын тәрізді.
«Одақтың (Еуропалық Одақтың) қаржылық қызметтер саласындағы заңнамалық актілерінің цифрлық дәуірдің талаптарына сәйкес келуін және адамдардың игілігі үшін, оның ішінде инновациялық технологияларды пайдалану үшін жағдай жасау арқылы жұмыс істейтін болашақ экономикасының қалыптасуына ықпал етуін қамтамасыз ету маңызды», – деп Қарашев Қазақстанда криптоактивтермен жұмыс істеу жөніндегі платформалардың қызметіне «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында ғана рұқсат етілгенін және оның актілерімен реттелетінін ерекше атап өтіп, Еуропалық Одақтың «Криптовалюталар нарығы туралы» актісінің кіріспесінен дәйексөз келтірді.
Қазақстан заңнамасында мұндай тәртіп 2020 жылдан бері бар және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді пайдалануда елеулі тәуекелдердің болуына негізделген, олар тиісті реттеусіз мемлекет пен азаматтардың мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Себебі криптовалюталар өте құбылмалы, ал орталықсыздандыру мен анонимділік криптовалюталарды терроризмді қаржыландыру, есірткіні, суық қаруды тарату, ақшаны жылыстату, кірістерді жасыру, салық салудан жалтару және алаяқтық сияқты қаржылық қылмыстарда кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
ҚБТҚ басшысы осы саладағы заңсыз қызметті анықтау және жолын кесу жөніндегі шараларды қамтамасыз ететін заңнамалық нормалар тұрғысынан қолданыстағы заңнамалық базаны оң бағалады. Алайда осы нормалардың орындалуын қадағалауға қанағаттанарлықсыз баға берді. Мұндай мән-жай криптовалюталарды пайдалана отырып, ақшаны жылыстатудың, кірістерді жасырудың, терроризмді қаржыландырудың, салықтардан жалтарудың жоғары ықтималдығына алып келуі мүмкін деп атап көрсетті сарапшы.
Қауымдастықтың төрағасы мемлекеттік органдар осы саланы реттеуге анағұрлым жауапты қарауы, нарықтағы жағдай үнемі олардың назарында болуы қажет екенін, ол үшін ҚБТҚ сияқты кәсіби ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасап, олардың ұсынымдарын ұстану керек екенін атап өтті, себебі «көлеңкелі» криптоактивтер – бұл еліміздің қаржылық қауіпсіздігіне төнетін қатер.