• +7 705 552 22 02  

  • Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.

Қазақстандағы криптовалюта майнингіне салық салу туралы

Жарияланған күні: 02.08.2021

Ағымдық жылдың маусым айының аяғында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, оған сәйкес майнерлер 1 кВт тұтынған электр энергиясы үшін 1 теңге есебінен ақы төлейтін болады.

Есептеу, ең алдымен, инвесторлардың мүдделері мен әлеуетті тәуекелдері үшін құрастырылды, бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жоғалтпай, криптовалюта саласынан мемлекеттік бюджетке келіп түсетін қосымша түсімдерді қарастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қабылданған заң өз қызметі туралы хабарлауға асықпаған және астыртын жұмыс жасауды қолдайтын майнерлерді анықтауға жәрдемдесті. Енді құқықтық салада және одан тыс цифрлық майнингпен айналысатын әрбір тұлға электр энергиясын пайдаланғаны үшін тиісті түрде төлем төлеуге жауапты болады.

2020 жылы цифрлық технологиялар мәселелерін реттейтін заңнамалық актілерге енгізілген түзетулердің арқасында Қазақстанда цифрлық майнингті жүзеге асыру қызметі заңды бола бастағандығы белгілі, ал осы қызмет нәтижесінде алынған цифрлық актив азаматтық құқық объектісі болып танылды. Осы заңның шеңберінде майнерлер үшін өздерінің қызметі туралы ақпараттандыру тәртібі белгіленді. Ақпараттандыру міндетті болмаған еді, ал норманың өзі декларативті сипатта болатын, оны орындамау үшін жауапкершілік қарастырылмайтын.

Бүгінгі таңда бұл қызметті заңдастыруға бағытталған нақты механизмдер бар.

Әдетте, цифрлық майнингті жүзеге асыру қызметі де, жалпы криптоиндустрия да Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде біршама жаңа сала болып табылады, сондықтан да кез келген ойластырылмаған реформаларға саланың аса сезімтал болуы тән.

Сондықтан, заң шығарушының бұл саланы реттеу мәселесін сындарлы әрі кезең-кезеңмен өткізуде екендігін көріп отырмыз, инвесторлар үшін асыра жүктеме қалыптаспайды. Осының арқасында, өзінің заңнамасын қатайтып жатқан көршілес елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы инвестициялық ахуал цифрлық майнинг саласындағы және жалпы жаңашыл технологиялар саласындағы инвесторлар үшін барынша жағымды болуда.

 

Карашев Даурен

Қазақстандық блокчейн технологиялар қауымдастығы
Заң департаментінің директоры