Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.
Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект қауымдастығының (ҚБТЖИҚ) мамандары Астана қаласы Адвокаттардың біліктілігін арттыру орталығында «Блокчейн негіздері. Қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді реттеудің проблемалық мәселелері» тақырыбына семинар өткізді.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен адвокаттар қатысты. Екі сағаттық дәріс барысында қатысушыларға блокчейннің негізгі қағидаттары жайлы егжей-тегжейлі шолу жасалды. Дәріс тақырыптарының бірі Proof-of-Work, Proof-of-Stake қағидаттары және олардың айырмашылықтары болды, бұл қатысушыларға блокчейн-желілерде верификациялау және консенсусты қолдау тетіктерін, сондай-ақ цифрлық активтерді қамтамасыз ету мәселелерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік берді.
Дәріскерлер қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер туралы ақпаратты ұсынып, бұл активтердің Қазақстан нарығында қалайша пайдаланылатынын және реттелетінін түсіндірді. Қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер саласындағы құқық қолдану практикасының проблемаларына ерекше назар аударылды. Дәрістің соңында спикерлер тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді, бұл тақырыпты анағұрлым мазмұнды талқылауға ықпал етті. ҚБТЖИҚ төрағасы Дәурен Қарашев елімізде цифрлық активтер индустриясының қалыптасуы мен дамуында адвокаттар қоғамдастығының маңызды рөлін атап өтті.
«Қазақстанда цифрлық активтер нарығының дамуы, егер оның әрбір қатысушысы өз құқықтары мен мүдделерінің толық қорғалғанына сенімді болса, мүмкін болады. Сондықтан адвокаттар тарапынан білікті көмек пен қолдаудың бұл мәселеде маңызы өте зор», – деп атап өтті Қарашев.
Сонымен қатар, ҚБТЖИҚ басшысы Астана қаласы Адвокаттардың біліктілігін арттыру орталығымен білім беру бастамаларын жалғастыру және одан әрі ынтымақтастықты қолдау қажет екенін ерекше атап көрсетті.