Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.
Цифрлық NFT дипломдарын әзірлеуші «JASAIM» (ЖАСАЙМ) Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект қауымдастығының (ҚБТЖИҚ) толыққанды мүшесі болды.
Мүшелік туралы шартқа қол қоюдың ресми рәсіміне ҚБТЖИҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Батыршаев, сондай-ақ «JASAIM» (ЖАСАЙМ) ЖШС негізін қалаушы және бас директоры Сырым Серіков қатысты.
Тараптар өз қызметі туралы айтып беріп, ынтымақтастық перспективаларын талқылады және болашақ жоспарларымен бөлісті.
«NFT дипломдары сенім мен ашықтықты арттырады. Әрі кез келген адам дипломды бірден тексере алады. Бүгінгі таңда біз ҚБТУ-мен, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-мен, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-мен, «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтымен, сондай-ақ RIT Dubai және RIT USA сияқты шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жасап келеміз», – деп атап өтті С. Серіков.
«ҚБТЖИҚ цифрлық майнерлерді, АХҚО лицензиялаған крипто-биржаларды, блокчейн және жасанды интеллект негізіндегі әзірлеушілерді, ғалымдар мен цифрлық майнингке арналған жабдықтарды өндірушілерді біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қауымдастық болып табылады. Қауымдастық өз мүшелеріне консультациялық және құқықтық қолдау көрсетеді. Біздің мақсатымыз – Қауымдастық төңірегінде пікірлестерді біріктіру және Қазақстанның сауатты цифрлық қоғамдастығын қалыптастыру. «JASAIM» қатарымызға қосылғаны бізді қуантады әрі біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп түйіндеді Н. Батыршаев.