Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Жиын барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) 2021 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды және оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жағдай құбылып тұрған кезде инвестициялық тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге қабілетті сенімді қаржы көздерін іздеу өзекті болатынын айтты.
Мемлекет басшысы АХҚО-ның алдында жетекші қаржы орталығы ретінде өз мәртебесін институционалды тұрғыдан нығайту міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселеге назар аударды:
1. ұлттық компанияларды IPO-ға шығару;
2. теңгедегі тәуелсіз облигацияларға ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды тарту;
3. ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлармен жаһандық инфрақұрылымға қосылу;
4. негізгі тауар биржасын АХҚО-ға көшіру.
Мемлекет басшысы криптоиндустрия және цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне де тоқталды.
"Біз әлеуетімізді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Еліміз криптоактивтерді шығару бойынша екінші орында тұр. Алайда біз тек қана шикізат мәртебесін ұстанып қалмауымыз керек. Осы орайда, Үкімет қаржы реттеушілерімен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесе отырып, кешенді цифрлық экожүйені дамыту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.