Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.
Армысыздар, қымбатты достар!
Соңғы күндері Астанада Digital Bridge 2022 цифрлық технологиялар және бизнес саласындағы халықаралық форум өтті. Қазақстан блокчейн технологиялары қауымдастығының басқарма төрағасы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық отырысқа және «Қазақстанда цифрлық майнинг индустриясын дамыту мәселелері» тақырыбындағы панельдік сессияға қатыстым.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарында екенін атап өтті. Дегенмен, еліміздің цифрлық дамуында биік асулар мен алынбаған белестер бар екенін ескеріп, соларға жету үшін Президент келесі басымдықтарды белгіледі:
• Адамға бағдарланған қызметті дамыту;
• ІТ саласы үшін қолайлы жағдай жасау;
• ІТ-инфрақұрылымын кең көлемде модернизациялау;
• Цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту;
• Адами капиталды нығайту.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің еліміздің жаңа цифрлық технологиялар, криптоэкожүйе, сонымен қатар реттелетін және ашық цифрлық майнинг салаларындағы жетекші ойыншыға айналуға ниетті екенін айтты. Елбасының бұл шешімін крипто әуесқойлары өте жылы қабылдады.
Әріптестер Данияр Мүбараков (Блокчейн және деректер орталығы индустриясы қауымдастығы), Ержан Әбдиев (Цифрлық активтер, жасанды интеллект және блокчейн технологияларының Еуразиялық қауымдастығы), Рауан Сағидолла (Binance), Гиззат Байтұрсынов (ЦДИАӨМ) және елімізге арнайы шақырылған қонақ - Хуан Хен-Ли-мен (Browan communications incorporation LLC) панельдік сессияда майнинг индустриясының өзекті мәселелері мен перспективаларын талқыладық.
Қазақстандағы майнинг индустриясының дамытудағы басты мәселе бұл - еліміздің энергетикалық жүйесінің тозуы салдарынан электр қуатының тапшылығы және энергия өндіруші қуатты арттыру жұмыстарының жүргізілмеуі екенін тағы да атап айттым. Сол себепті біздің Қауымдастық Қазақстанның энергетикалық жүйесін дамыту стратегиясын әзірлеуге және осы саланы жеке отандық және шетелдік инвестицияларға ашуға мүмкіндік беретін заңнамаға түзетулер енгізуге консультативтік және басқа да көмек көрсетуге дайын екенін хабарлаймын.
Биыл сұр майнингпен күреске және 600 МВт электр қуатының босатылуына қарамастан, «KEGOC» АҚ майнинг компанияларды қазанның 15-іне дейін тағы да электр энергиясынан ажыратты. Бұл еліміздің бүкіл аумағында басталмаған жылу маусымы кезінде жүргізіліп жатқанын, энергетика саласында үлкен қиындықтар бар екенін баса айтқым келеді.
Рауан Сағидула атап өткендей, энергиямен қамтамасыз етудегі проблемаларға байланысты шетелдік инвесторлар Қазақстандағы цифрлық майнинг саласына инвестиция салуға деген сенімі мен қызығушылығын жоғалтты. Осыған байланысты біздің елімізге әлемдік хэшрейттегі өз үлесін қайтадан қайтарып алуға және Қазақстанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға күш салуға тура келеді.
Жалпы, мемлекет пен нарыққа қатысушылардың алдында цифрлық майнинг және криптоиндустрияны одан әрі дамыту үшін көп жұмыс күтіп тұрғаны белгілі. Бірақ бұл салалардың жоғары деңгейде талқылануы қоғамның, мемлекеттің, қатысушылардың осы салаға деген қызығушылығының көрсеткіші.