Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.
Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы Президиумының төрағасы Исламбек Салжанов Binance криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжаомен (CZ) кездесті.Исламбек Төлеубайұлы өзінің Facebook парақшасында былай деп жазады:
"Ресми ақпарат көздері хабарлағандай, Қазақстанға сапармен әлемнің ең ірі криптобиржасы Binance-тың негізін қалаушысы мен бас директоры Чанпэн Чжао келді. Сапар барысында ол АХҚО, Astana hub және Paxaro labs блокчейн-орталығына барды. Бүгін Чжао мырза ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Қазақстанда криптоиндустрия саласында аймақтық хаб құру мәселесін талқылады. Президент қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance арасында әріптестік туралы меморандумға қол қою - үлкен нәтиже. Бұл цифрлық қаржы саласы дамуын жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз.
Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы Президиумының төрағасы ретінде бүгін Чанпэн Чжао мырзамен кездесіп, еліміздегі криптоиндустрия дамуының келешегі туралы әңгіме құрдық. Кездесу барысында Чжао мырза криптоактивтерді реттеу саясаты мен ол үшін заңнамалық негіз жасау, сонымен бірге қалың бұқараны криптоиндустрияға тарту сияқты мәселелерде біздің мемлекеттік органдарға кеңес беруге даярлығын атап өтті.
Чанпэн Чжао Binance үшін Қазақстанда лицензия алуды жоспарлайтыны көңілді көншітеді. Binance криптобиржалар арасында әлемдік көшбасшы. Олардың Astana Hub-тың жас таланттарына жаңа деңгейге шығуға көмек ұшын созуға даярлығы біздің криптоиндустрия нарығына тың серпін береді. Естеріңізге сала кетсем, Қазақстан бұл салада көшбасшы елдердің қатарында. Осы орайда мемлекеттің қолдау көрсетуі біз үшін өте маңызды. Атап айтқанда, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімдері арқасында біз әлем елдерінің алғашқы қатарында цифрлы майнингті заңдастырдық.
Қазақстанның осы салада аймақтық хаб болуға толыққанды мүмкіндігі бар екеніне және де Binance бастаған криптоиндустрияның көшбасшылары елімізге келетініне сенімдімін. Біз өз тарапымыздан бүгін айтылған жоспарлардың іске асуына бар күшімізді саламыз".