Қазақстан Республикасы, Астана қ, Сығанак көш. 43, 15 қабат.
Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасында Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының тапсырысымен қазақ тіліне аударылған блокчейн және криптовалюта туралы танымал 4 кітаптың тұсаукесері өтті.
Былтырдан бері ел жастары арасында биткоин мен криптовалютаға деген қызығушылық артып келеді. Сандық активтерге иелік ететін азаматтардың саны 300 мыңнан асты. Дегенмен, олардың негізінде жатқан блокчейн технологиясын түсінгісі келетіндер тексерілген ақпараттың жетіспеушілігіне тап болуы мүмкін. Әсіресе, қазақ тіліндегі басылымдар тапшы.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы 4 әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударуға тапсырыс берді. Кітаптардың тұсаукесері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасы алаңында өтті.
Іс-шараны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлы құттықтау сөзімен ашты.
«Соңғы 25 жыл ішінде таңғажайып технологиялық дамудың куәгері болдық. Компьютерлер, смартфондар, интернет және әлеуметтік желілердің ойлап табылуы қалыпты өмірді түбегейлі өзгертті. Қазір жасанды интеллект пен блокчейн саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер өзекті болып отыр. Дегенмен, бұл тақырыптар бойынша құнды ақпарат өте аз. Қазақстандық блокчейн технологиялар қауымдастығы блокчейн туралы әлемдік бестселлер кітаптардың қазақ тіліне аударғаны туралы хабарды қуана қабылдадық, өйткені қазір біздің университет студенттерінің 80%-ға жуығы қазақ тілінде оқиды. Бұл айтулы оқиға, IT және жаңа технологиялар саласында ана тілімізде жарияланатын басылымдардың қатары әлі де арта береді деп сенеміз», – деді университет басшысы.
Кітаптарды Қазақстан блокчейн технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Ахметов Сапар Қайратұлы таныстырды.
«Біздің мақсатымыз жастардың назарын аударып, оларға өмірдің барлық саласында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ете алатын блокчейн технологиясы туралы озық басылымдармен ана тілінде танысуға мүмкіндік беру болды. Сонымен қатар, қазір әлемде Web 3.0 жобаларында әзірлеушілер тапшылығы өткір сезілуде, олардың жалақысы айына 3 миллион теңгеден басталады», - деп атап өтті Қауымдастықтың басшысы.
Іс-шара барысында келесі басылымдар ұсынылды:
• «Блокчейн технологиясы», авторлары: Алекс Тапскотт және Дон Тапскотт;
• «Криптовалюта дәуірі», авторлары: Пол Винья және Майкл Кейси
• «Шындық машинасы», авторлары: Пол Винья және Майкл Кейси
• «Ақшаның қысқаша тарихы», авторы: Сейфедин Аммус.
Сапар Ахметов қауымдастықтың бұл кітаптарды еліміздің басқа да жоғары оқу орындарына таратуды жоспарлап отырғанын да айтты.
Paxaro Labs CIO Рүстем Нұрбаев кітаптардың аудармасын жоғары бағалады.
«Әлемдік бестселлер кітаптардың қазақ тіліне аударылуы криптоиндустрияны дамытуға және еліміздің адами капиталын арттыруға қосылған елеулі үлес болып табылады. Адам – бұл басты құндылық, қоғам мен азаматтар неғұрлым білімді, озық болса, еліміз соғұрлым экономикалық тұрғыдан табысты болады», – деді спикер.
Сонымен қатар іс-шараға Prometeo Chain System блокчейн жобасының жетекшілері – Андреа Кадамуро мен Дамира Кенесарина қатысып, Қазақстанның криптоиндустриядағы жобаларды тартудың өңірлік орталығына айналуына зор сенімдерін білдірді. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Prometeo Chain System жобасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Шара соңында студенттер мен қонақтар өз сұрақтарын қойды, ал сарапшылар Қазақстандағы криптоиндустрияның дамуы туралы өз көзқарастарымен бөлісті.